Бейнеқоңырау мен Telegram-ның жеті жылдығы

Read the original announcement in English
Video Calls and Seven Years of Telegram

Бүгін Telegram-ның шыққанына жеті жыл толды. 2013 жылы біз қауіпсіз хат алмасуға бағытталған шағын қолданба ретінде бастадық, ал қазір 400 миллионнан астам қолданушысы бар платформаға айналдық. Telegram бүгінде әлем бойынша отбасымен байланыста болу, сыныптастармен бірлесе оқу және әріптестермен үйлесімді жұмыс істеу үшін қолданылатын, ең көп жүктелетін алғашқы 10 қолданбаның қатарына кіреді.

Бұл межеге біз жалғыз өзіміз жеткен жоқпыз: Telegram ешқашан жарнамаланбаған, оның танымалдығы миллиондаған адамдар оны достарына ұсынғандықтан артып келеді. Барлық күш-жігерімізді жоғары сапалы қолданбалар жасауға және жаңа мүмкіндіктерді әзірлеуге арнауды жалғастырамыз. Бүгін біз қолданушылар жиі сұрайтын мүмкіндікті: жылдам және қауіпсіз бейнеқоңырауларды ұсынуға қуаныштымыз.

Бейнеқоңыраулар

2020 жыл бетпе-бет сөйлесудің қаншалық қажет екенін айқын көрсетті, енді alpha нұсқадағы бейнеқоңырауларымыз Android және iOS-та қолжетімді. Контактінің бейінінен бейнеқоңырауды бастай аласыз және дауыс қоңырауы кезінде бейнені қалаған сәтте қосып немесе өшіруге болады. Telegram-дағы өзге бейне контент сияқты, бейнеқоңыраулар да суреттегі сурет режімін қолдайды, бұл сізге чаттарды айналдырып көруге және басқа істермен айналыса жүріп, чаттасыңызбен көз байланысын сақтауға мүмкіндік береді.

Барлық бейнеқоңырау end-to-end шифрлауымен қорғалған. Қосылымның қауіпсіз екенін тексеру үшін, экранда сізге және чаттасыңызға көрсетілген төрт эмоджиді салыстырыңыз, олар сәйкес келсе, қоңырауыңыз Telegram-ның құпия чаттары мен дауыс қоңырауларында қолданылатын уақыт сынынан өткен шифрлаумен 100% қорғалған деген сөз. Толығырақ мына беттен біле аласыз.

Android және iOS-қа арналған қолданбаларымыз қолдайтын жиналатын құрастырмалар бар, сондықтан кез келген адам шифрлауды тексеріп, өзінің қолданбасы біз әр жаңартумен жариялайтын ашық бастапқы кодпен дәл сол кодтан жиналғанына көз жеткізе алады.

Алдағы айларда бейнеқоңыраулар жаңа мүмкіндіктер мен жетілдірулерге ие болады, біз жақын айларда топтық бейнеқоңырауларды іске қосуға дайындалып жатырмыз. Достарыңыз бен отбасыңызбен, олар көрші бөлмеде болсын немесе жердің шетінде болсын, бейнеқоңырау шалып көруге шақырамыз.

Жаңа анимациялы эмоджилер

Туған күнді атап өту үшін біз анимациялы эмоджилер жинағын да кеңейттік. Анимациялы нұсқасын көру үшін осы эмоджилердің бірін 👇 бөлек хатта кез келген чатқа жіберіңіз.

Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыз!


2020 жылы 14 тамыз
Telegram командасы